Skip to main content

Астанада бейбіт жиналыстар өткізу құқығын қорғау және ынталандыру мәселелерін жетілдіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өкілдігі халықаралық серіктестердің қолдауымен ұйымдастырды.

Жиынға мемлекеттік органдардың, Парламенттің, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Қатысушылар арасында ҚР СІМ арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надирқұлова, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілі Матильда Богнер, ЕҚЫҰ ДИАҚБ сарапшылар кеңесінің мүшесі Евгений Жовтис және басқалар болды.

Заңнама және құқықтық ақпарат институтын бөлім басшылары Тимур Авенов, Дана Абдакимова және Маржанғүл Әкімжанова таныстырды. Өз сөзінде Т. Авенов бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы дамытудағы заманауи сын-тегеуріндерін атап өтіп, оның халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мен бейбіт жиналыстарды өткізуді қолдау презумпциясын қолданудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Қатысушылар құқық қолдану және сот тәжірибесі, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау мәселелерін талқылады. Отырыс қорытындысы бойынша бейбіт жиналыстар өткізу құқығын қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы және тәжірибені одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсынымдар қабылданды.

Заңнама және құқықтық ақпарат институты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ Қазақстанда құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған реформаларға сараптамалық қолдау көрсетуді жалғастырады.