Қазақстан Республикасының «Әділет органдары туралы» Заңының негізінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі – заңгерлік көмек көрсету және құқықтық насихат жүргізуді ұйымдастыру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары туралы» Жарлығы (әрі қарай – Президент Жарлығы) және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Жауапты хатшысының 2011 жылғы 11 қаңтардағы № 5 «Құқықтық ақпараттық қызмет туралы» бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты» РМК-на негізделген Құқықтық ақпараттық қызмет (әрі қарай – ҚАҚ, Қызмет) құрылды.
Қызметтің жұмыс істеуі Президент Жарлығымен белгіленген міндеттерді орындаумен байланысты, оның ішінде азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін көтеру, сондай-ақ халықтың білікті заңгерлік көмекке тегін қол жеткізу үшін қажетті барлық жағдайларды жасау көзделген.
Құқықтық ақпараттық қызмет халыққа құқықтық ақпаратты қамтамасыз ету бойынша қызметтерді «Құқықтық ақпаратты қамтамасыз ету және Біріңғай құқықтық ақпараттық жүйені жүргізу» 009 бюджет бағдарламасы шеңберінде Мемлекеттік қызметтер туралы шарт негізінде көрсетеді.
Бүгінгі күні ҚАҚ 24/7 режимінде азаматтардың өтініштері бойынша құқықтық кеңестер береді, олар келесі тәсілдермен қабылданады:
- Телефония (87172580058)
- Web-қоңыраулар (Е-Заң көмегі, АҚЖ «Әділет»)
- Онлайн мессенджер WhatsApp арқылы
- АҚЖ «Әділет» «Онлайн консультант» виджеті (консультацияларды автоматты түрде, сұраныс бойынша, ҚАҚ операторлары-консультанттарымен толтырылған білім базасын пайдаланып беру)
- АҚЖ «Әділет» «Құқықтық консультация» бөлімі
- 119KenesBot Telegram-да (консультацияларды автоматты түрде, сұраныс бойынша, ҚАҚ операторлары-консультанттарымен толтырылған білім базасын пайдаланып беру)
ҚАҚ тұрақты түрде кеңес беру үшін Білім базасы үнемі толықтырылып, жаңартылып отырады.
Сонымен қатар, ҚАҚ құқықтық ақпараттандыру мақсатында:
- Азаматтардың негізгі құқықтарын, бостандықтарын, міндеттерін, ең төменгі әлеуметтік стандарттарын және алынатын мемлекеттік қызметтерді және т. б. түсіндіретін құқықтық сауаттылық бойынша онлайн-курстар тоқсан сайын өткізіледі
- «Әділет» АҚЖ-де жиі қойылатын сұрақтардың тізбесі өзектендіріледі.
Айта кету керек, Қызмет мемлекеттік органдардың құқықтық насихат жүргізу және заңнаманы түсіндіру жөніндегі қызметін үйлестірудің негізгі тетіктерінің бірі болып табылады, сондай-ақ қазіргі уақытта республикада азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беретін Қызметтің теңдесі жоқ.

Құқықтық ақпарат қызмет басшысы - Касенова Гульжан Рзагаликызы
Байланыс телефон: +7(7172) 57-03-51
E-mail: kasenova.g@zqai.kz