Қазақстан Республикасының Әділет министрі А.Н. Есқараев 2023 жылғы 3 ақпанда Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтында болды.
Институт директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты Р.Қ. Сәрпеков Институттың 2022 жылғы жұмысының қорытындылары мен 2023 жылға арналған міндеттер туралы баяндады, сондай-ақ А.Н. Есқараевты құрылымдық бөлімшелердің ұйымдастырылуы және олардың жұмыс жағдайларымен таныстырды.
Құқықтық ақпараттық қызметтің жұмысымен танысу барысында А.Н. Есқараев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның және «Саяси партиялар туралы» Заңның нормалары бойынша Парламент Мәжілісіне депутаттар сайлауға байланысты халыққа түсінікті кеңес берудің маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп 1414 нөмірі бойынша тегін қоңырау шалу бойынша бірыңғай байланыс орталығының жұмысын бастаудың маңыздылығын атап өтті.
Құрылымдық бөлімшелердің жұмысымен танысқаннан кейін Институттың Ғылыми Кеңесінің залында Институттың барлық бөлімше басшылары мен ғылыми қызметкерлерінің қатысуымен жұмыс бабындағы кеңес өткізілді. Институт директоры Р.Қ. Сәрпеков, бас ғылыми қызметкерлер, заң ғылымдарының докторлары, профессор С.М. Рахметов, Н.Н. Турецкий, А.Н. Ахпанов, М.А. Сәрсембаев, Р.Т. Нұртаев сөз сөйледі. Бұл жұмыс бабындағы кеңеске бас ғылыми қызметкерлер, заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Е.М. Абайдельдинов пен Е.Б. Абдрасулов та қатысты.
Ғалымдар Институтты қаржыландыруды ұлғайту, ғалымдардың жалақысын арттыру туралы тілектерін білдірді. ЗҚАИ-да нотариустар, адвокаттар мен заңгерлердің жекелеген санаттарының біліктілігін арттыру жөніндегі жобаны ашу, сондай-ақ шетелдік ғылыми-зерттеу институттарымен ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу мақсатында мемлекеттік органдар үшін мамандар даярлау қажеттілігі туралы пікір айтылды.
Әділет министрі А.Н. Есқараев өзінің қорытынды сөзінде ЗҚАИдың алдында тұрған бірнеше маңызды міндеттерге, әсіресе заң шығарушылыққа көрнекті отандық және шетелдік ғалымдарды, ғылыми қоғамдастықты тарту мәселесіне тоқталды. Мемлекеттік органдардың заң жобаларын, бірінші кезекте, мемлекеттік тілде әзірлеуі қажеттігі де атап өтті. Институтта заң ғылымы мен практикасының институционалдық жадының сақталуы туралы да айтылды.
Министр А.Н. Есқараев Институттың ғылыми корпусына атқарылған жұмыстар мен ғылыми жетістіктер туралы деректер қорын сақтап отыруды және жасалған ғылыми жұмыстардың нәтижелерінің практикадан алшақтамауы қажеттігі туралы айтты.
Сондай-ақ, ғылыми құқықтық және ғылыми лингвистикалық сараптамаларды жүргізу сапасына, НҚА-ны ресми жариялауға, НҚА эталондық бақылау банкін жүргізуге, «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінің және халыққа құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беруге қатысатын Құқықтық ақпараттық қызметтің жұмыс істеуіне назар аударылды.
Институттың ұйымдық-құқықтық нысаны кәсіпорын бюджетін нығайту және қызметкерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз етуді дамыту үшін қызметті коммерциялық негізде жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні хабарланды.
Кездесу соңында А.Н. Есқараев Заңнама және құқықтық ақпарат институты – заң шығару процесінде стратегиялық маңызға ие екендігін баса айтып, оның жұмысы әрдайым Әділет министрлігінің назарында болатынын ескертті.