2024 жылғы 26 сәуірде Алматыда Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, з.ғ.к. Сәрпеков Рамазан Құмарбекұлы «Әкімшілік әділет саласын кеңейту. ӘҚБтК-тен жекелеген құрамдарды әкімшілік әділет аясына ауыстыру» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференция барысында әкімшілік әділетті кеңейту бойынша Әділет министрлігінің ағымдағы қызметі; әкімшілік құқық бұзушылық үшін жедел ден қою шаралары мен санкциялардың арақатынасы; әкімшілік әділет саласын кеңейтудің өзекті мәселелері; әкімшілік актілерді орындау институты әкімшілік актінің мақсатына қол жеткізу құралы ретінде; әкімшілік актінің кіші түрі ретінде жедел ден қою шаралары; халықаралық тәжірибе және Қазақстан Республикасының құқықтық мүмкіндіктері; Қазақстан Республикасында әкімшілік актілерді орындау институтын енгізудің орындылығы; салалық заңдарға өзгерістер енгізуді талап ететін әкімшілік әділетті кеңейту мәселесі бойынша ұсыныстар; жекелеген құрамдар бойынша (Кәсіпкерлік кодекстен туындайтын) әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыларға шағымдар ӘРПК қарастыру нысанасы ретінде; әкімшілік органның (лауазымды адамның) заңсыз әкімшілік актісі үшін жауапкершілігі – жеке тұлғалардың құқықтарын сақтаудың кепілі ретінде; әкімшілік рәсімдердегі татуластыру рәсімдері мәселелері қаралды.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Л.Қ. Мерсәлімова жасады.
Р.Қ. Сәрпеков конференцияда құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде әкімшілік әділет қызметін жетілдіру мәселелері тұтастай алғанда, сот жүйесін дамытудың, Конституцияның және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның ережелерін іске асырудың ғана емес, сонымен қатар, азаматтың құқықтары мен бостандығының ең жоғары құндылығы деп жариялаған мемлекеттің беделін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылатынын, соңғы уақытта бұл мәселені отандық ғалымдар мен тәжірибелі заңгерлер кеңінен талқылап жатқанын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, з.ғ.к. Д.Б. Тебаев өз баяндамасында әкімшілік акт ұғымының анықтамасы мен шетелдік тәжірибені қамтыды.
Конференцияға Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, Қазақстан Республикасының судьялар корпусы мен мемлекеттік органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ әкімшілік әділет саласындағы көрнекті ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Конференция барысында спикерлер арасында пікірсайыс өткізілді, онда Қазақстан Республикасының әкімшілік әділет саласындағы өзекті проблемалар бойынша тиісті түсініктемелер берілді.