Жеке нотариусқа ақы төлеуден кім босатылады?

Жекеше нотариустың нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтер көрсеткеніне ақы төлеуден мыналар: нотариаттық куәландыруға жататын құжаттың жобасын өздері дайындаған жеке және заңды тұлғалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының бірі - барлық нотариаттық іс-әрекеттер бойынша, «Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар - барлық нотариаттық әрекеттер бойынша, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен қорғаншылық тағайындалған созылмалы жүйке ауруымен ауыратын жеке тұлғалар - өздерiнiң мүлiкке мұрагерлiгi туралы куәлiктер алған адамдар, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар мен мүгедектер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жасына байланысты зейнеткерлер, жұмыскерге есепке жазылған, бірақ төленбеген жалақы мен өзге де төлемдерді өндіріп алу туралы талап бойынша өндіріп алушылар босатылады (Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шiлдедегі N155 «Нотариат туралы» Заңының 30-1 бабының 2-тармағы).