Туристік қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алу қажет пе?

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
шығу туризмі саласындағы туроператорлық қызмет лицензияланатын қызметтің кіші түрі болып табылады;
келу туризмі мен ішкі туризм саласындағы туроператорлық қызмет лицензияланатын қызметтің кіші түрі болып табылады;
турагенттік қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын гидтердің, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының қызметі хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылады.
Туроператорлық қызметке арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату, бұрын жасалған шарттардан туындайтын міндеттемелерді қоспағанда, туристік қызметтер көрсетуге тыйым салуға алып келеді.
Туроператорлық қызметке арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, туроператорлық қызметке арналған лицензияның қолданысын тоқтату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Туроператор туристерге туристік өнімге кіретін барлық көрсетілетін қызметтерді дербес өзі немесе туроператор туристер алдындағы өз міндеттемелерінің бір бөлігін немесе барлығын орындауды жүктейтін үшінші тұлғаларды тарта отырып көрсетуді қамтамасыз етеді.
Шығу туризмі саласындағы туроператор туристік өнімді ұсынуды және өткізуді тек қана турагенттер арқылы жүзеге асырады. Турагент шығу туризмі саласындағы туроператор қалыптастырған туристік өнімді өткізу кезінде туристік ваучер беруге міндетті (ҚР 2001 жылғы 13 маусымдағы N 211 «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңының 15-б. 2-т.).