"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңның 1-бабының 6) тармақшасына сәйкес сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу (Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік Қылмыстық Кодексте және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексте көзделген; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті).
Заңның 1-бабы 2-1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам – көрсетілген ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша не арнаулы өкiлеттiк бойынша орындайтын адам;
Заңның 1-бабының 4) тармақшасына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам – жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органының мүшелігіне кандидаттар ретiнде тiркелген азамат; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан жүргізілетін қызметшi; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам, сондай-ақ сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілеттік берілген не мемлекеттік бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, көрсетілген ұйымдарда дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын адам, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының қызметшілері, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері; Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері;
Заңның 1-бабының 5) тармақшасына сәйкес мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өз лауазымдық міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына алып келуі мүмкін;
Заңның 6-бабына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті; сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуді; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңдық сараптама жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық сипаты бар нормаларды анықтауды; сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыруды және сақтауды; қаржылық бақылауды; сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді; мүдделер қақтығысын болғызбауды және шешуді; кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлауды; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдарларын жоюды; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыруды және жариялауды қамтиды.